Пианист алғысы - журналист қуанышы

"Айжан рахмет, ата-анаммен көріп, мәз болдық!" осындай сөздерді естігенде, қалайша мәз болмайсың?!) Иә, журналистика мамандығы өз клиенттерінен ақша алмайтын мамандықтардың бірі ғой... (әрине бұл жерде менің асыра сілтеушілігім байқалады). Өмірде барлық қызмет түрлеріне тек осындай алғыстармен төлесең ғой, шіркін! Бүкіл әлем қызғылт (розовый) түске боялып кететін шығар, ондайда.

Алайда менің айтайын дегенім ол емес. Сіздерді пианист, белсенді қоғам мүшесі және де жай ғана көркімен айналасын жарқыратып жүрген жас қыз Алма Мұқанмен таныстыру. Музыканы, оның ішінде гүрс-гүрс еткен рок емес, әсем де әсерлі классикалық музыканы өмірінің ажырамас бөлігі ретінде көретін Алманың бойында жігер де, қайсар да бар. Әрине, күн сайынғы 5-6 сағат бойғы фортепиано жаттығулары мен сансыз ноталарды жаттау әркімнің-ақ мінезін қатайтатын шығар... Сондай-ақ белсенді түрде түрлі шараларға қатысуы, жастар ұйымында жұмыс істеуі оның жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық қасиеттерін көрсетеді.

Екеуіміздің таныстығымыз, сонааауу модельдік өткенімізден басталған. Содан бері қаншама жерлерде бірге болып, талай қызықтарды бастан кешіргенбіз. Бір байқағаным, Алманың бойында, мүмкін өзі байқай бермейтін, әйелдік мінездің ең қуаттысы жиналған. Өзімнің адамдарды кітап не кино кейіпкерлеріне ұқсататын әдетім бойынша, мен оны кейде сыған қызы Карменге, кейде Толстойдың Анна Каренинасына ұқсатамын.


Кейде өзінің бар қаруын іске қосып, жанып кетердей болса, кейде жұмсақ мақтадан жаралған мамықтай монтия қалатын әдеті бар. Не де болса, өмірде кез келген адамда бола бермейтін, алайда қуаты күшті "харизма" деген Алмада бар нәрсе. Тек оны керек кезде іске қосу не қоспау барлық әйел затына сай оның көңіл-күйіне байланысты.

Бұл жазбаны Алмамен танысудың кіріспесі деп біліңіздер) Пианист қызбен толықтай танысу үшін, "Екпіндегі" сұхбатты оқи отырыңыздар.

P.S айтпақшы, Алма пианино бойынша сабақтар да жүргізеді, қызыққандарыңыз болса, толық мәліметті сұхбаттан таба аласыздар

 
24 января, 15:19
101

Менің бір күнім

Маған бүкіл қала әлі де тәтті ұйқыда жатқанда, күн нұры көрінбеген кезде ерте ояну ұнайды. 6-7 лердің кезінде терезені айқара ашып, суық ауамен құшырлана дем алсаң, бірден бойың сергіп қалады. Айналаң тып-тыныш, жан адам көрінбейтін бұл мезгілде тек алыста машиналардың зуылдап бара жатқан даусы естіледі. Мұндайда сұрғылт аспанға, алдымдағы көп пәтерлі қабатты үйдің шатырына, араның ұяшығындай орналасқан терезелерге қарап тұру ұнайды. Біраздан соң әр үйдің шатыр-шатырларын жалынымен жалап күн де шығады. Алғашқы күн сәулесіне шомылу қандай керемет десеңші...

Әдеттегідей құлағыма ұялы телефонның құлаққабын салып, сергек музыкаға ере күндізгі тіршілік қамына еніп кетемін. Жылы індерінің арасынан ақырындап басқа үй мүшелері де жыбырлай бастайды. Жуынып-шайынып жүргенше, олардың әрқайсысы өзінше бір әдепкі қалпымен «ұйқыдан ояну» рәсімдерін жасап жүреді. Біреуі билеп, таңғы жаттығулар жасаса, енді біреуі таңғы ас әзірлейді. Ал кейбір сәтті күндері ваннадан шығып бара жатып, залда анаң мен әкең қосылып алып билегенін көріп қалсаң, көңіл күйің күні бойы көтеріңкі жүрері сөзсіз. Бәріміздің шулап жүріп таңғы ас ішуіміз, әзілдесуіміз, жоспарларымызбен бөлісуіміз – бәрі де жүрегіме жылу сыйлайтын бағасыз бақыт. Әсіресе үйдің кенжесі болсам да, анам да, әкем де, Баян да (әпкем) менің назарымды, көңілімді талап етуі сүйсіндіреді. Біздің үйді «Айжан, анау қайда, мынау қайда», «Айжан ананы қалай істейді», «Айжан, мынаған не болған», «Айжан, былай киінсем қалай» деген сөздерсіз елестету мүмкін емес. Кейде мұның бәрінен шаршап кетсең де, өмірде біреуге керек екеніңді сезіну сені бақытты қылады. Иә, менің өмірімдегі ең жақын достарым да, тіренішім де осылар...

Күн сайын әкемнің «сабағыңа кешігіп қалма»-сымен, анамның «ең бастысы, қарның тоқ, жылы жүр, жолың болсын»-ымен, ал Баянның «Күнтәй, кетпеші» деп еркелеуімен сабаққа шығамын.

«Ойсыз күнім жоқ» демекші, ойымда қарбаласып жататын сан мың ойларды ретке келтіру басталады. Олар болмашы нәрседен басталып, фәлсафа мен фарабилік дәрежедегі ой тереңдігіне дейін жетеді. Осылай миым мен санамды «қинай-қинай», білім ордасына да жетемін. Бұл жерге шабыттанып кіресің, ал қалай шығуың салған сәтіне байланысты. Кей мұғалімдердің сабағынан кейін қанаттанып, рухтанып шығасың. Кейбірінен түңіліп, үн жұрғаң түсіп кетеді. Ал енді кейбірінен «уһ, құтылдық па» деп қашып шығамыз. Иә, иә...сабағында өткізген уақытыңа жаның ашитын мұғалімдер де болады. Кейбір сабақтар санаңды кеңейтіп, өмірге деген көзқарасыңды аша түссе, кейбірінде керісінше, барлығымыздан бірдей ойлайтын роботтар дайындап жатқандай бірдей ойлауға итермелейді.

Кейде тезірек үлкен өмірге аяқ бассақ деп, ал кейде осындай жайбарақат кездер бітпей-ақ қойса ғой деп білім ошағынан кете барамыз. Үйге ертерек оралғанда, әрқашанда есіме мектепте оқып жүрген кезімдегі студенттерге қызыға қарайтыным еске түседі. «Бүгін 2 пар болды» деп келіп жататын аға-әпкелеріме қызғана қарап, 6-7 сабақтан шаршап мен келетінмін. Ал енді бүгін өзім студентпін, автобустағы ауыр сөмкелері өздерінен үлкен оқушыларға қарап, уақыттың зуылдап бара жатқанын ойлаймын. Болашақ өміріме арман құрып, үйге де жетемін.

Менің күнімді теориялық-методолгоиялық-сараптамалық әдіспен 2-ге бөліп қарастыруға болады. Бірінші бөлігі қоғамда қалыптасқан жүйе бойынша, қалып бойынша міндеттерді орындау болса, екінші бөлігі жанымның қалауы бойынша әрекет етуден тұрады. Әрине маған екінші бөлік ұнайды. Кейде жұмыс бабымен түрлі шығармашылық адамдарынан сұхбат аламын. Оның ішінде суретшілер, дизайнерлер, ақындар немесе жай ғана өмірге көпшілік көзімен қарамайтын, өзінің жеке ойы, дара сөзі бар адамдар кездеседі. Мұндай маңайы шуақ, жаны жайсаң адамдардың арасында қаздай қалқып, үйректей жүзіп жүру рақаттың рақаты...

Ал кейде жай ғана үйде отырып кітап оқимын немесе киноға барамын. Бұл нәрселер адамды итжығыс тіршіліктен бір уақыт алыс әкететін, жаныңды жаймашуақтап, тігісін жатқызатын дүниелер ғой. Келешекте өмірімді осы әдебиет, кино, мәдениет саласымен байланыстырсам екен деп қиял құсын құшырлана ұшырып ұйқыға батамын.

22 января, 18:50
310

Испандықтардың маған әсері

Испандықтар менің көзімде Альмодовардың фильмдеріндегідей болған. Иә, бәрі сол режиссердің киноларынан басталды десем болады. Санаңда қызу шоқтай із қалдыратын оның туындыларын көріп, сол бір бізге ұқсамайтын, тылсым дүниені көруге құштар болып қалдым. Алдымен Испанияның сұлу табиғаты қызықтырса, екіншіден Педро Альмодовар фильмдеріндегі саундтректер менің плейлистімнің сүйіктілер қатарына қосылды.

Әсемдікті көзіммен көріп, тірідей тыңдағым келді. Алайда әдеттегідей алдыма мақсат қойып, оны wish-listіме жазбасам да, бірер айдан кейін Мадрид алаңдарындағы көше музыканттарының темпераментті мелодияларына құлағым қанығып жүрді. Ол әлі де бөлек әңгіме...

Біздің қайта-қайта келіп "дескульпе сеньор" деп бастап бір жерді сұрағанымызға қандай адам болмасын бар жұмысын тастай салып, қайда кетіп бара жатқанын ұмытып кетіп, көмектеспейінше бізді ұстап тұрып алады. Қашанда асығып бара жатқан біз "оданша білмеймін деп жауап берсе қайтеді" деп тағатсызданамыз. Ал олар жайбарақат. Өмірдің әр минутынан, тіпті әр секундынан ләззат алатындай. Бірінші көрген көзге олар осындай болып көрінеді.

Алайда мен алдын ала олардың атақты режиссерінің киноларын көріп бардым ғой! Сондықтан санамды кеңінен ашып байқадым. Мені әсіресе испан әйелдері қызықтырды. Біз үйренген нәзіктік, ұяңдық оларға жат. Бойларындағы күш, қуаттан тіпті бір түрлі боласың. Көздерінің астын қара қарындашпен батырып бояй отырып, олар сол мінезін айқынырақ көрсететіндей. Ал олардың билегендегі құштарлығы мен жан-тәнімен биге берілгендігін көру бір ғанибет.

Дәл сондай құштарлықпен олар ұрсысады да, күледі де, жылайды да... Тек сондайда "ех, испанша не деп ұрсысып жатқандарын білсем ғой" деп қаласың, өйткені нағыз испандықтар өлім аузында тұрса да өзге тілде сөйлеу тұрмақ, естігілері де келмей сол қатыгез ауызға кіріп кетуді артық көреді.

Иә, әкем айтпақшы ешқашан құл болмаған халық.

P.S егер испандықтардың болмысын барынша көргілеріңіз келсе, Альмодовардың фильмдерін көруге кеңес беремін, алайда ол біз үйренген голливуд ертегілері емес, соған дайын болыңыздар, мүмкін қызыққаныңыз сонша бір күні Испаниядан бірақ шығарсыз)

21 января, 15:45
107

Айжан туралы, кішкентай қуанышы туралы және "Екпін" туралы

Бүгін біраз өзім жайлы жазбақпын. Өйткені отырып алып, фәлсафа мен фарабилік дәрежедегі ой тереңдігін түрткілейтін кім деулеріңіз мүмкін)

Атым-Айжан. Оны біліп үлгірдіңіздер. Осыған дейін уордпрессте "кербез" деген қолданушы атымен "Айжанның блогын" жүргізгенмін. Жалпы блогосфера әлемін білмей де жүре беруші едім. Қазақ Ұлттық Университеті болмаса, журналистика факультеті болмаса, "Блогтық журналистика" пәні болмаса, Асхат Еркімбай (өрімтал) болмаса. Сол кезден бастап интернет журналистика, блогосфера жайында білгеннен соң, әлі күнге дейін сол сабақтардың салып кеткен лебімен интернеттен, блогтардан алшақтай алмай жүрмін.

Алайда сол кезде Асхат ағайдың сабағына қатыспаған топтастарым интернет журналистиканы түсіне бермейді, шыны керек. Оларға блог жүргізіп жатырмын, интернетте жұмыс істеймін десем, "жай ерігіп жүрген ғой" деген бейнемен "ааа..." дейді де қояды. Олардың қасында "Айжан, жүр, поштамды тексерейік" дейтін әкемнің өзі интернет журналистиканың потенциалын жетік түсінеді. Әрине мүмкін оған менің күнделікті үйде жүргізетін блогтық журналистика бойынша мини-лекцияларым да әсер еткен шығар.

Университеттегі мұғалімдерім де әр сабақ сайын менің интернет журналистиканың перспективалары, дәстүрлі журналистиканың алдындағы артықшылықтары жайлы пікірлерімнен шаршайды. Сондықтан осы 3-курс басында, маған интернет жобада жұмыс істеу мүмкіндігі туғанда қатты қуанғанымды айтпасам да болатын шығар. Бір жағынан "не ойласаң, сол келеді" ("подобное притягивает подобное") заңдылығы іске қосылды білем.

Маған әрқашан "тойдың болуынан боладысы қызық" дегендей жаңа нәрсенің туылу процесі қызықтырып әкететін. Жобаның ашылуына дейін күн санап жүрсем де, жаңа адамдармен таныстық, сұхбат, репортаж, фотоға түсіру, т.б. қызықты жұмыс процестері тартып әкетті. Жұмыс барысындағы қызықты оқиғаларды мүмкін алда да жазып отырармын. Өйткені оның бәрі мен үшін - тәжірибе. Журналистикалық тәжірибе.

Жобамыздың аты - "Екпін". Мүмкін бүгін-кеше бұл атауды жан-жақтан естіп жатқан шығарсыздар. Естімегендеріңіз болса, "Екпін" деген yvision.kz сайтының қолдауымен жасалынған мәдени-танымдық журнал. Ал мен үшін ол мақсаты ұқсас, жарқын адамдардың бірігіп жасаған жобасы. Менің алғашқы жұмысым. 

Бір сөзбен айтқанда, мен бүгін қуаныштымын. "Екпіннің" ашылғанына ғана емес. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығымда жүргеніме қуаныштымын. Алдағы жұмыс барысында қызықты, дарынды адамдармен жүздесу күтіп тұрғанын ойласам, төбем көкке жетеді. Өйткені әрбір адам мен үшін зерттелмеген кітап сынды, ашып, оқығым келіп тұрады.

P.S. иә, бүгін меннен позитив төгіліп тұр) айтпақшы мына жерде біздің видеоролигіміз бар, қарап, менің қалай шыққанымды айтсаңыздар пікір білдірсеңіздер) (өте қызық)

20 января, 18:53
151

Түнгі ойлар

Испаниямен 6 сағат айырмашылық. Әлі үйренісе алмай, барлығы ұйықтап қалғанда, түнгі үкілер сияқты жалғыз өзім тықырлап шай ішемін, киімдер реттеп, үй жинаймын. Әрине интернетте отырамын. Алайда түнгі 3.47-де достарымның көбісі тәтті ұйқыда, твиттердегі лентадан "Главное не бояться" фильміне берілген жақсы пікірден соң көрейін деп жүктеп қойдым. 2011 жылы түсірілген, басты рольде өзім жаман емес деп білетін Кейт Хадсон. Кино алдында аузымды жыбырлатып бір нәрсе жеп үйренген әдетім бойынша алдыма туған күнімнен қалған тәтті емес торт пен шай әкеліп алып көруге ыңғайландым...

Жалпы фильм рак ауруына шалдыққан қыз бен оның сол оқиғадан алған сабақтары жайлы. Бірден айта салайын, қыз соңында қайтыс болады. Бірақ ол оған дейін шын ғашық болып, әкесін кешіріп, өмірдегі қорқынышынан айырылып үлгіреді. Бір қарағанда, қарапайым сюжет, қарапайым американдық драма. Алайда адамның эмоциясын біраз қинайды екен. Ақыры желінбеген торт пен шайды апарып, жаттым.

Қаншама адамдар өмірлерінде бір қорқыныштың кесірінен бақытына жете алмай жатады? Бірі "ұнамай қалсам ше" деп жүрегін ашуға қорқады, бірі "ал егер қолымнан келмей қалса ше?" деп армандаған кәсібіне бармайды, бірі "ол мені тастап кетсе ше" деп күмәндана бастайды, т.с.с сансыз қорқыныштар. Ал ол қорқыныштардың себебі неде? Менің ойымша, біздің заманда "бақытты болу керек", "өз жартыңды табу керек" деген мақсаттар тым жарнамаланып кеткен. Әр адамның арманы бақытты болу, өз жартымды табу дейді. Тіпті қуаныш, тойларда айтылатын тосттардың барлығы соны саған міндеттейді. Егер сен бақытты болмасаң, не сүйгеніңе қосылмасаң өмір аяқталып қалмайды ғой.

Бейне бр бақыт деген белгілі нәрселерге қол жеткізгеннен кейін ғана келетін сияқты. Менің ойымша, ең басты адасу осында. Әрине ондай жетістіктер аз уақытқа шабыт беруі мүмкін, алайда бақытты болып ҮЙРЕНБЕГЕН адам, ол сезімді де тез арада ұмытып кетуі мүмкін. Бақытты болу әр адамның таңдауы ғана.

Ал екінші жартыға келетін болсақ, "екінші жарты" деген ұғымның өзі адамды адастыратын сияқты. Ол сені өмірде жоқ "идеалды" адамды армандап өтумен немесе қасыңдағы сені сүйетін адамды бағаламауға соқтыруы мүмкін. Егерде маған осыдан екі жыл бұрын осындай сөздер жазасың десе, сенбеуші едім. Өйткені мен мәңгілік махаббатқа сенетінмін. Ал қазір менің ойым басқа... "Махаббат жайлы ойлар" атты эллегиямды келесіге қалдырып осы жерден тоқтайын.

Бұл жазбам өзгеден гөрі, өзіме арналған сияқты. Иә, түнгі ойлардың пайдасы да бар екен.

19 января, 22:44
99

Өмір портреті

Бүгін қала сұр бояуға боялды. Өзінің ең қатал әрі сұрықсыз кейпіне енді. Қыздың көз жасындай ыстық емес, қытықсыз, қылаусыз жартастай болып жаратыла салған тәкаппардың суық жасындай болған сұр жаңбыр. Артынша табиғат өз балалары жасыл ағаш, шөпті еш аямай, түйдек-түйдек қарын боратты.

Иә, өз ісіне берік табиғат қашанда бірқалыпты. Ешкімді сүймейді де, жек көрмейді де. Ешкімде шаруасы жоқ Қоңқай шал сияқты өз міндетін атқарады да қояды. Өзгенің мақтауын да, даттауын да күтпейді. Өзгеріссіз... Бұдан неше мың жыл бұрын жауған жаңбыр – сол жаңбыр, жапалақтаған қар – сол қар. Тек тықпыршыған адам жаны ғана тыным тапқан емес. Әйнекке ұрылған шыбындай ол бұл өмірмен күреседі, ақиқатын дәлелдейді, өзінің маңызын көрсетуге тырысады. Тек меңіреу табиғатқа бәрібір. Ол ойын соңы немен аяқталатынын білетіндей миығынан сәл ғана жымиып тұрып, ойыншыны қоздыру үшін келесі бір болмысын көрсетіп қояды.

Расында өмір деген не? Сіздер үшін қалай екенін білмеймін, ал мен осы жолдардың авторы өзгелердің ойын оқи алмаймын, өмірді тек өз көзқарасыммен, өз санамның призмасынан ғана қабылдаймын. Мүмкін болмыс деген тек менің ойларым мен сезімдерімнен құралған шығар. Мүмкін сіздер менің болмысымның қатысушылары ғана шығарсыздар...

Ал қар болса әлі де жауып жатыр... Өмір автобусында кетіп бара жатқан адамдар не ойлап бара жатыр екен? Біреуі келешегін, біреуі адасып қалған махаббатын, енді біреуі ақшасын санап әлек болып жатқан шығар. Олардың әрқайсысының өз болмысы, өз ойыны бар. Алайда өмір атты ойыннан біз бәрібір де жеңіп шыға алмаймыз. Бұл-заңдылық. Табиғат заңдылығы. Бұл ойынның ережесін тек табиғат құрастырады. Одан сәл ауытқысаң болды, ол лезде түзетуші шараларын іске қоса қояды. Мысалы, өмір жолында кейде алдымыздан Гетенің «Фаустындағы» Мефистофель сияқты жын-шайтандар кездеседі. Олар күліп тұрған досың болып та, қасың болып та, тіпті ит болып та кездесуі мүмкін. Сені азапқа салып, жаныңды қинайды, жылатады. Содан соң аяқ астында тапталып мыж-мыж болған жаныңды көтересің де, арқалап әрі қарай өмірдің соқпағымен жүре кетесің. Егер ол сабақтан түйсігіңе керектісін түйіп шықсаң, онда алдыңнан сені қолдап, жебеп жүретін періштелерің шығады. Ондай жанды сен санаңмен емес, жүрегіңмен танып қоясың. Тек жүрегің оған тас қапастай құлыптаулы емес, алыс сапардан баласын күткен ана құшағындай ашық болуы керек. Тот басқан жүрегіңді сүртіп-сүртіп қастерлеуің керек. Сонда ғана ол жерге өмір мәні ұялайды.

Өмір портреті осындай...

9.11.12 "Журналистиканың шеберлік мектебі" пәнінен жазғаным

19 января, 21:53
155

"Джейн Эйр" әлде "Бір күн"?

Осы аптадағы көрермендер асыға күтіп жүрген романтикалық киноның бірі - режиссер Кэри Фукунаганың Шарлотта Бронте романы бойынша түсірілген "Джейн Эйр" драмасы. Романды оқымасам да, трейллеріне қызыққан мен бұл киноны көремін деп шештім. Алайда фильмнен шыққан соң, осыдан бір апта бұрын көрсетілген басқа бір романтикалық драма "Бір күнмен" салыстырмай қоя алмадым.

4 сентября, 0:01
1842

"American Dream"?

Шет елге шығып, онда 3 ай тұрып жұмыс істеп келу деген біздің ата-аналарымызға өз кездерінде үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін дүние болатын. Ал... қазір, тек оған деген өзіңнің талпынысың бар болса жеткілікті.

АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің қолдауымен құрылған Work and Travel бағдарламасы бойынша жыл сайын жүздеген студенттер Америкаға саяхаттау үшін және сонымен қатар ақша табу мақсатында елімізден аттанады. Тек сол саяхат әркімге әрқалай аяқталады...

Ал енді Америка өмірі туралы сонда жүрген қазақ студенті Асқарбектің өз аузынан естісек.

Асқарбек Қазанғап,20-да.

Ұлытау өңірінің тумасы.

Алматыда ҚазҰу-де журналистика факультетінде оқиды.

Университеттің "Фараби сазы" атты оркестрінің күйшісі.

"Асқарбектің айтқандары" атты жеке блогын жүргізеді.

28 августа, 0:08
426